«Бәйтерек» холдингі кәсіпкерлерді жан-жақты қолдауда

18.08.2020

«Бәйтерек» холдингі кәсіпкерлерді жан-жақты қолдауда

Таяуда орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Қарағойшиннің қатысуымен онлайн брифинг өтті. Баспасөз мәслихатында негізінен «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы сөз болды.

Рустам Қарағойшин сөз басын­да «Бәйтерек» холдингі өзі­нің еншілес ұйымы – «Даму» кә­сіпкерлікті дамыту қоры ар­қылы жүзеге асырып жатқан «Биз­нестің жол картасы-2025» мем­ле­кеттік бағдарламасының аралық нәтижелеріне тоқталды. 

– Қазақстан бизнесі үшін қа­зіргі кезең өте қиын болып тұр. Ко­ронавирус пандемиясына байланысты мәжбүрлі шек­теу шараларынан бизнес тұ­ралап, шығынға ұшырауда. Мұндай жағдайда «Бәйтерек» холдингі шағын және орта биз­­несті қолдауға басымдық береді. Шағын және орта кә­сіп­­керлерге мемлекеттік бағ­дар­ла­малар аясында да, өзіміз­дің бағ­дарламаларымыз аясында да көп­теген қолжетімді құралдар­ды ұсынамыз. Бұл қолдау құ­рал­дарының көбі «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағ­дар­ла­масына шоғырланған. «Биз­нестің жол картасы» Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2010 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама тиімділігін дәлелдеп, қазақстандық кәсіп­керлердің на­ғыз көмекшісі еке­нін танытты. 2013 жылдан бері «Даму» қоры бұл бағдарлама­ны «Бәйтерек» холдингі құрамын­да жүзеге асыруда, – деді Р.Қара­ғойшин.

Ол «Бәйтерек» холдингі ең бірінші кезекте қаржыланды­­ру қалалық және ауылдық кәсіп­кер­лер үшін бірдей қолже­тім­ді болуы керектігін, бұл аза­­мат­­тар­ға жаңа бизнесін ашып қа­на қой­май, бұрынғы кә­­сі­бін дамытуға мүмкіндік бе­ре­тінін айтты. Ондағы мақсат – өң­деу өнеркәсібінің өнімін ұл­­ғай­­ту. Бәсекеге қабілетті жаңа өнді­рістерді көбірек құ­рып, ха­лық­ты шағын және орта кә­сіп­керлік жұмысымен қам­ту­ды көздейтін холдинг бұл мақ­­сат­тарға жоспарға сай қол жет­кізіп келеді.

Қазіргі таңда шағын және орта бизнесті қолдау құралдарының ішінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау құралы сұранысқа ие болып отыр. 2020 жылғы 1 та­мыздағы жағдай бойынша «Даму» қоры 2010 жылдан бері бағ­дарламаның үш бағыты бо­йынша 2,8 трлн теңге сомасына 16311 жобаны субсидиялады. Оның ішінде 2018 жылы жалпы кредит сомасы 173 млрд теңгеге – 1 432 жоба, ал 2019 жылы жалпы кредит сомасы 154 млрд тең­геге – 2 402 жоба қолдау тапты. Қолдау көлемі жыл санап ұлғайып келеді.

Бизнестің жол картасы-2025

– Мысалы, «ҮМІТ» томоте­рапия және ядролық меди­ци­на ауруханалық кешені» ЖШС биз­несті мемлекеттің қол­дауы нәтижесінде Нұр-Сұлтан қа­­­ла­­сында Радиотерапия жә­не ядролық медицина ем­­деу-диаг­ностикалық аурухана ке­ше­нін салды. Бұл Қазақстан мен Ор­талық Азиядағы бірегей кешен. Мұнда онкологияға шал­дыққан науқастарды томо­терапияның жаңа заманауи әді­сі бойынша «TomoTherapy HD» жабдығын қол­дана отырып ем­дейді. Осы әдіс арқылы қатерлі ісіктің бар­лық түрлерін, тіпті қазіргі уақыт­қа дейін ра­дио­сәу­лелендіру немесе хирур­гия кө­мегімен жою қиын бол­ған түр­лерін де емдеуге бола­ды. Ке­шен­нің құрылысын аяқ­тау мақ­са­тында компания бас­шылығы екін­ші деңгейдегі банк­тен жылдық 13,5%-бен қа­рыз алды, оның 40%-ын мемлекет «Бизнестің жол картасы-2020» шеңберінде субсидия­лайды, ал айырмасын кәсіпкер төлейді, кредит мерзімі – 5 жыл. Субсидияланатын жобалардың салалық құрылымында өңдеу өнер­кәсібі (жалпы кредит сомасы 1,2 трлн теңгелік 4 444 жоба), көлік және қоймалау (сомасы 413 млрд теңгелік 3 629 жоба) жобалары басым. Көтерме және бөлшек саудадағы 286 млрд теңгелік 2 293 жоба, 144 млрд теңгелік 1 220 ауыл ша­руашылығы жобасы бар, – деді Рустам Қарағойшин.

Оның айтуынша, өңірлер арасында Павлодар (жалпы кредит сомасы 190 млрд теңгелік 1 304 жоба) және Шығыс Қазақстан (жалпы кредит сомасы 179 млрд теңгелік 1 261 жоба) облыстары көш бастап тұр. Ақтөбе облысында 154 млрд теңгенің 1212 жобасы осындай қолдауға ие болды.

Шағын бизнесті мемлекеттік қолдаудың сұранысқа ие тағы бір шарасы – «Даму» қоры беретін кепілдік. Кәсіпкер бизнес ашуға немесе кеңейтуге кредит алатын кезде кепілзаты жеткіліксіз болcа, осы кепілдікті пайдалана алады.

– Біздің алдымызда кәсіп­кер­лер санын арттыру міндеті тұр. Қазір елдің жалпы ішкі өні­міндегі шағын және орта биз­нестің үлесі 30,8%-ды құ­райды, ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 35%-ға дейін өсуі тиіс. Біз бес жыл ішінде осындай үлкен серпінді күтудеміз, – деген Рустам Қарағойшин  кәсіп­керлерді жеке бизнесін ашу немесе дамыту үшін мемлекеттік қолдауға жүгінуден қорықпауға шақырды.

Egemen.kz